Банкке барып кітап оқыңыз!

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен «Библиокеруен» атты тың жобаны қолға алды. Жаңа жоба аясында кітапханашылар өңірдегі кейбір мекемелер мен ұйымдарға барып көшпелі көрме өткізеді.

Алғашқы кітап көрмесі облыс орталығындағы Естай к., 40 үй мекенжайындағы «Халық Банк» АҚ бөлімшесінде өтті. Аталған кітап көрмесіне облыстық кітапхананың сирек кездесетін кітап қорынан таңдаулы туындылар қойылды. Сөредегі кітаптардың ең көнесі 1777 жылы жарық көрген. Бұдан бөлек, Ұлы ойшыл, философ, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан сыр шертетін кітаптар да көрмеден орын алды. Атап айтсақ, М.Әуезов дайындаған 1945 жылы Ресей астанасы Мәскеуде жарық көрген Абайдың таңдамалы шығармалар жинағы, 1936 жылы басылған Вс. Рождественскийдің Абай шығармаларының аудармасы да көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені тамашалаушылар Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыкереева секілді басқа да ақын-жазушылардың таңдаулы шығармаларымен танысты. Сонымен қатар, әлемнің бірнеше тіліндегі озық туындылар да келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Аталған кітаптардың қатарында 5 тілді сөздік, неміс және франсуз, ағылшын, түрік және тағы да басқа тілдердегі кітаптар бар.

Кітапхана ұжымы алда тағы да бірнеше мекемелерге барып, дәл осындай шараларды қолға алуды жоспарлауда. Көрмені ұйымдастырудағы мақсат, халықты жаппай кітап оқуға шақыру, кітапханалардың жұмысын насихаттап, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.