БАР АҚЫЛЫН БАЛАЛАРҒА АЙТТЫ

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сатирик, аудармашы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Сүлеймен Баязитов мерейлі 75 жасқа толды.

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы ақынның мерейтойы қарсаңында «Жырларым – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты кездесу кешін өткізді. Әдеби-рухани шараға зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани кеш иесін атаулы күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. С.Баязитов сатрира саласында және балалар әдебиетінің дамуына да сүбелі үлес қосқан қаламгер. Шара барысында облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар айтыскер ақын Оразбек Саяхат пен Раушан Амангелді кеш иесінің Ұлыстың ұлы күніне орай жазған «Қыз бен жігіт» айтысын көпшілік назарына ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Балтабай Сыздықов секілді басқа да зиялы қауым өкілдері мерейтой иесіне ақжарма тілектерін айтып, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар дарынды балаларға арналған білім-инновация лицей интернатының оқушылары әдеби кешке қатысып, үлкендердің өсиетін тыңдады.

Ақын шығармашылығына арналған шара «Өлеңім – өмірім...» атты кітап көрмесіне ұласты. Бұл көрмеге С.Баязитовтың 18 кітабымен бірге оның жергілікті басылымдарға жарияланған туындылары қойылды. Кітаптардың қатарында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының бастамасымен жарық көрген «Қос тіл – қос қанат» атты поэтикалық жыр жинағы бар. Айта кетерлігі бұл жинақтың көзі нашар көретін оқырмандарға арналған (рельефті – нүктелік Брайль шрифті) ерекше нұсқасы да көрмеге қойылды.