«Бағзы қоныс, көне сүрлеу, тылсым сыр...»

8 маусымда С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Облыстық кітапханадағы ОКЖ күндері» жобасы аясында Баянауыл орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Туған өлкемнің шексіз тарихы» жобасы аясындағы «Бағзы қоныс, көне сүрлеу, тылсым сыр...» атты тарихи-әдеби кеші өтті.

Алатаудай асқар шыңдары, Баянауладай қатпар тастары, жап – жасыл қарағай шыршалары, айдын көлдері болмаса да, Ақкелін тауының әр адыры мен шоқысының, сары алтындай шүйгін алқабының атағы алты алашқа әйгілі болды. «Елдің атын ер шығарар» дегендей, «Ақкелін» атының алысқа тарауы – оның ардақты арыстарының арқасы еді.

Осынау киелі өңірден Әбікей Сәтбаев, Сәдуақас Шорманов, Шорман би, Үкібай би, Қаныш Сәтбаев сынды атақты тұлғалар туып-өскен. Аталған танымал, дара тұлғалардың әрқайсының еліне, жеріне тигізген еңбегі ерең, сүйіспеншілігі ерекше.

Ақкелін өңіріне арналған «Бағзы қоныс, көне сүрлеу, тылсым сыр...» атты тарихи-әдеби кеште ҚР «Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Найзатас» журналының және «Aiqara.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, ақын-публицист Асыл Әбішев сыр-арнаумен бөлісті. Ал, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, еңбегі сіңген ұстаз, еңбек ардагері Незкен Маликова Ақкелін өңіріне арналған баяндама жасап, өңірдің ұлы тұлғалары жайлы айтты. Шараға зиялы қауым, тарихшылар, өлкетанушылар, ақын-жазушылар және кітапханашылар қатысты.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Облыстық кітапханадағы ОКЖ күндері» жобасы негізінде алдағы уақытта өңіріміздегі барлық қалалар мен аудандардың орталықтандырылған кітапханалары облыстың бас кітапханасында жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, үздік жобаларымен таныстырады.