Бедерлі-нүктелі қаріппен жазылған Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұлы ақынның шығармаларын Брайль қаріпімен басып шығарған. Зағип және нашар көретін оқырмандар ерекше кітапханалық қызмет көрсетуді қажет етеді. Кітапхана жұмысындағы әлеуметтік маңызды аспект - оқырмандардың осы тобына ақпарат пен кітапты максималды жақындату, бұл көзі нашар көретін оқырмандардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осы мақсатпен облыстық кітапхана Абайдың «Қара сөздер» кітабын зағип және нашар көретін оқырмандар үшін бедерлі-нүктелі қаріппен басып шығарды.
«Қара сөздер» кітабы - Абайдың сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп , жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Басылым тек қана бедерлі-нүктелі қаріппен шектелмейді, оның аудионұсқасы бар. Аудиожазбаларды QR-код арқылы тындауға болады.