«Биік тұлға» поэтикалық марафон
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, жауынгер, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, «Мен Қазақпын» поэмасының авторы Жұбан Молдағалиев туғанына 100 жыл. Осыған орай, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Биік тұлға» атты поэтикалық марафон өткізді.
Жұбан Молдағалиев қазақ өлеңімен бірге, бүкіл көп ұлтты кеңес поэзиясын ілгері дамытқан айтулы ақын, көркем сөз шеберіне айналды. Оның ойшыл да сыршыл поэмалары қазақ поэзиясының елеулі табыстарына қосылады. Ақынның «Қиял қанаты», «Мереке дастарқаны», «Мен-қазақпын», «Айттым сәлем», «Туған жер» сияқты поэмалары лирикалық толғанысқа толы келеді. Оларда ақын заман, адам, дәуір, өзгерістер жайлы терең толғанады. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті. Ақынның «Мен-қазақпын» поэмасы қазақ әдебиетінің аса бағалы үлгілерінің қатарынан орын алады. Жұбан Молдағалиевтің өлеңдері мен поэмаларын жастар бүгінгі күнге дейін сүйіп оқиды.
Поэтикалық марафонға Майқайың жалпы білім беру мектебінің кітапханашысы Хуандах Айнұр, ПМПУ-нің студенті Гүлмира Түзелбаева, Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің 1 курс студенті Сыдық Гүлнұр Қауандыққызы, волонтёр Темірлан Мусенов, ИнЕУ-дің 2 курс студенті Ержан Ұлан қатысты. Ақынның «Бақыт», «Күз», «Түсімде көрдім Анажан» өлеңдері, «Мен - қазақпын» поэмасы оқылды.