«ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ ӨЛКЕТАНУ» АТТЫ ОНЛАЙН - КЕЗДЕСУ
С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 125 жылдығын мерекелеу аясында павлодарлық мамандардың Қазақстан мен Ресейдің өлкелік және облыстық кітапханаларының мамандарымен онлайн-кездесулер циклі ұйымдастырылды.
Ынтымақтастық және тәжірибе, ресурстар, білім алмасу кітапхана ісінде бұрыннан келе жатқан игі дәстүр болып табылады. Кәсіби қарым-қатынас жасау, мәдени тарихты сақтау және дәріптеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында 9 шілдеде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының кітапханалары арасында «Цифрлық ортадағы өлкетану» атты кезекті онлайн-кездесу өтті.
Облыстық кітапханалардың жетекші мамандары кітапханалық қызмет көрсету бойынша кәсіби мәселелерді талқылады, кітапханалардың өзара әрекеттесу жолдарын анықтады, қызметтің негізгі стратегиялық бағыттарын айқындады.
Павлодарлық кітапханашылар С.Торайғыров атындағы ОӘҒК-ның QR-кітапханасы, Е-kitap.kz онлайн-кітапханасы өлкетану жобаларын таныстырды. Солтүстік Қазақстан мамандары кітапханалық жұмыстың инновациялық түрі ретінде өлкетану туризмі бағытындағы тәжірибесімен бөлісіп, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қатысушылар назарына цифрлық ресурстарын ұсынды. Қарағанды облыстық кітапханасы аймақтың имиджін қалыптастырудағы кітапхананың рөлін атап өтті. Қостанайлық әріптестер «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қостанай облысының ОКЖ кітапханалар күндері» жобасын іске асыру туралы баяндады.
Конференция жұмысына барлығы 100-ге жуық кітапхана қызметкерлері қатысты.