«Елінің еңселі тұлғасы»
Ақын, қоғам қайраткері Сәдуақас Шормановтың туғанына 170 жыл.
Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындары тобына жататын елеулі тұлғалардың бірі. Ойшыл, парасатты, оқымысты. Сәдуақасты ел іші қатты құрметтеп, есімін толық атамай Сәкен-ағай деп атаған.
Мұса мырзаның кіндігінен тараған төрт ұлының үлкені Сәдуақас 1850 жылы Ақкелін жерінде дүниеге келген. Кезінде орысша білім алған, өз заманының терең ойлы адамы Сәдуақас өнер мен әдебиетті сыйлай білген және ақындық дарыны өте жоғары кісі болған. Сәдуақас екі жастан он жасына дейін атасы Шорманның қолында болады. Сол жерде ол алғаш мұсылманша хат танып, білім алып, Құран қағидаларымен танысады. Жасы жеткенде Сәдуақасты әкесі Мұса Омбының гимназиясына беріп, оны бітіргесін Томскінің университетіне түсіреді. Бірақ сырқаттануына байланысты оны бітіре алмаған. 1909 жылы Қазан қаласындағы баспадан Сәдуақас Мұсаұлының «Аңшы» деп аталатын кітабы жарық көреді.
Тумысынан парасатты Сәдуақас халық мұрасының үлкен жанашыры болған. Оған дәлел, бұл кісінің Абай өлеңдерін, әкесі Мұсаның шығармаларын жинап, кітап етіп бастыру үшін Санкт-Петербург қаласына алып барады. Бірақ сырқаттанып қалып, барған ісін тындыра алмай елге қайтып кетеді. Бұл туралы көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханов: «1897 жылы октябрь айында баспаға даярлаған қолжазба жинақтың көлемі 163 бет. Қолжазбада қазақ ақындарының 3260 жол өлеңі және 178 мақал-мәтелдер бар. Жоғарыда айтылғанның ішінде Абайдың 17 өлеңі бар. Қолжазба жинақ 1884-1891 жылдар арасында жазылған. Бұл үлкен қолжазбаны Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілін, әдебиетін зерттеуші П.И.Мелиоранскийге тапсырған екен. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада, академик А.Н.Самойловичтің архивінде сақталуда», – деп жазды.
Сәдуақас Шормановтан қалған поэзиялық мұра көп болуға тиіс. Ақын «Махаббат», «Мінәжат» деп аталатын көлемді толғаулар да жазған. Оның бірқатар өлеңдеріне ән де шығарылған көрінеді. Солардың ішінен бізге жеткені «Ардақ» әні ғана. «Ардақ» әнінің авторы белгілі әнші-композитор Жарылғапберді Жұмабайұлы кезінде Мұса Шормановтың, бертін келе Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың соңына ерген, жиын-тойда ән салып, күреске түсіп, солардың мәртебесін көтеріскен сері адам болған.
Сәдуақас Шорманов ел ішіндегі қоғамдық белсенділігімен танылған зиялы азамат болғандықтан 1914 жылы июнь айында Петербургте өткен мұсылмандар съезіне қатысып, әйелдерді қалың малға сатуға қарсы шыққан. Бізге шет жағалап жеткен осындай деректердің өзінен-ақ оның қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы анық байқалып тұр.