Гегель мен Бабель жайында
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен кейін қоғамда ГЕГЕЛЬ мен БАБЕЛЬ кім? – деген сауал жиі қойылатын болды. С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында аталған қаламгерлердің еңбектері бар. Құрметті оқырман, ойы орамды философ пен сегіз қырлы жазушы жайлы білуге талпынсаңыз облыстық кітапханаға келіңіз! Бай қазынаны көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін!
Бұрын өзін-өзі құрметтейтін адам алдымен Гегельді оқуы керек дейтін сөз жиі айтылатын. Қоғам арасында осындай ой туғызған Гегель шын мәнінде кім еді?
Джордж Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831) неміс идеализміндегі маңызды тұлғалардың бірі және Батыс философиясының негізін қалаушылардың аса көрінекті өкілі. Гегель - идеалист философ. Ол барлық дүниенің негізгі тірегі абсолюттік идея, абсолюттік рух деп таныды. Гегельдің пайымдауынша идея іс-әрекеттің қайнар көзі, ол ұдайы өзгеріп, дамып отырады және осы даму процесі кезінде бүкіл өмір сүріп отырған дүниені туғызады. Сөйтіп идея шындықтың өмір сүруі үшін нәр болып табылады. Ал философия дегеніміз ой қозғалысы. Бір ұғымнан екінші ұғым туатын, бір ұғым екінші ұғымға айналатын ұғымдар жүйесі екендігін айтады. Гегельдің шын мәніндегі ұлылығын түсіну үшін оның философиялық жүйесіне емес оның зерттеп дамытқан және таным процесіне дәйекті түрде қолдана білген диалектикаға, ойлаудың диалектикалық әдісіне терең бойлап үңілу қажет.
Өз өмірінде білімнің барлық саласын қамтыған көрнекті ойшылдың философиясын екі-үш ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ойшылды түсіну үшін еңбектерін оқу қажет.
Әмбебап қаламгер Исаак Бабель жайлы не білесіз? Өкініштісі, бір бойына жазушылыққа тән барлық қасиетті сыйғызған Бабель жайлы дәл қазір көп айтыла бермейді. Исаак Бабель (1894-1940) жазушы, аудармашы, сценарист және драматург, әрі журналист, әскери тілші, азамат соғысының ардагері. Бабель - қысқа әңгіменің шебері болды. Көпсөзділікке бой алдырмай қысқа әрі нұсқа жаза білді. Айтары анық, ойы орамды жазушы өзгелерден шынайы әрі асқан дәлдікпен жазу стилімен ерекшеленді. Шығармаларындағы кейіпкерлерді суреттеуде, сюжеттерде, сипаттамаларында үлкен темпераментті сыртқы құмарлықпен үйлестіреді. Бабельдің прозасы, әзілдері, афоризмдері, анекдоттары қайталанбас қазына болып тарих қойнауына енді. Жазушының қаламынан туған «Конармия» әңгімелер жинағы арқылы кейінгі буын Азамат соғысының тарихын зерттеуге мүмкіндік алды. Оның кітаптары оқырман іздеп жүріп оқитын шығармаларға айналды. Тіпті, бір кездері автордың еңбектері мектеп бағдарламасына енген де болатын. Қанша уақыт өтсе де жазушының дерекке толы туындылары өткен өмірдің шынайы айнасы болып қала бермек.
Біздің кітапханамыздан Гегель мен Бабельдің кітаптарын оңай табуға болады. Ойы телегей теңіз философ пен қаламы қарымды жазушының еселі еңбектерімен танысқыңыз келсе кітапханаға келіңіз!