Гүл ғұмыр
Бүгін кітапханамызда «Гүл Ғұмыр» атауымен жергілікті айтыскер-ақын, журналист Гүлзат Мейрамованы еске алу кеші өтті.
Жиынға аймағымыздың белгілі ақын-жазушылары, журналистер қауымы қатысты. Кеш қонағы ретінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани, белгілі журналист Социал Айтенов, жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантайұлы, сонымен қатар Айбек Оралхан, Қуанышбек Шарманов, Әсел Жақсыбай, Майя Шуақбаева сынды аймағымызға белгілі ақын-журналистер қатысты. Кеш барысында Павлодар аудандық мәслихаты депутаты Бақытбек Баткеев, Григорьевка орта мектебінің директоры Көлтай Калелхан және марқұммен кезінде бірге жұмыс жасаған әріптестері Гүлзат Мейрамованың ақындығы жайында сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. -Қазақтың қара домбырасын қолына алып, әсем дауысымен құйқылжыта ән шырқап, жиналғандарды ерекше күйге бөлейтін...
Қара сөзді шеберлікпен ұйқастырып, шешендігімен көзге түскен өжет қыз түрлі деңгейдегі айтыстарға қатысып, халқымыздың ұлттық өнерін дәріптеп келді. 2004-2008 жылдар аралығында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің журналистика факультетінде жоғары білім алып, еңбек жолын «Рақым» балалардың бос уақытын қамту клубында бастап, осында келген балаларды ұлттық өнерге баулуға зор үлес қосқан. Мамандығын жанындай сүйген Гүлзат облыстық «Ұстаздар» газетінде қаламын ұштай түседі.
Қаламы қарымды тілші 2016 жылдан осы уақытқа дейін ауданымыздың «Заман тынысы» газетінде тілші, 2017-2019 жж. жауапты хатшы қызметтерін атқарған болатын. Еске алу кешін 7 ақпан күні атап өткеннің өз мәні бар. Өйткені дарынды журналист тірі болғанда 9 ақпан 33 жасқа толар еді. Ақынның араласқан ортасы, етене жақын достары оның журналистік, ақындық қасиеттерімен қатар, педагогтік, шебер ұйымдастырушылық сияқты жаңа қырларын естіп, таңданыстарын жасыра алмады. Ақынның құрбылары Әсел Жақсыбай арнау өлең оқыса, Алия Закриянова Гүлзат Мейрамованың «Өкініш» өлеңін оқып берді. Ал өңірімізге белгілі әнші Бақтияр Қожанов ақынның сөзіне жазылған «Бақ құсы» атты әнін орындап берді. Кеш соңында жиылған қауымға марқұмның «Гүлғұмыр» атты кітапшасы тарту етілді.