«Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Ғабдулжапарқызы Османова бүгін облыстық кітапханаға арнайы келіп, көп жылдар кітапхана саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан кітапханашыларға «Халық құрметі» төсбелгісін табыстады.
Осыған орай облыс тұрғындары мен оқырмандарының рухани әлеуетін арттыруда атқарған жұмыстары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы «Қазақстан кітапханаларының Альянсы» қоғамдық бірлестігінің атынан бірқатар мамандар «Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды. Олардың ішінде облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова, балалар әдебиеті бөлімі басшысы Марина Золотухина, Павлодар облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың кітап қорын жинақтау бөлімі басшысы Әсем Нұрғалиева, Баянауыл ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Айтмағамбетовалардың еңбегі еленді.
Әлемде орын алып отырған коронавирус пандемиясына орай елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты еліміздегі кітапханалар үстіміздегі жылдан бастап оқырмандарға ұсынатын дәстүрлі қызметін онлайн режимге көшіргені белгілі. Бұл бағытта облыс, аудан кітапханашылары да өз қызметтерін қазіргі күнге дейін қарқынды да сапалы жүргізіп келеді.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - деп белгілі халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, кітапханалар оқырмандар мен облысымыздың тұрғындарына ұсынатын анықтамалық, ақпараттық-библиографиялық, танымдық және мәдени қызметін тоқтатпай жаңа форматта жүргізіп келеді. Қазір облысымыздағы кітапханалар барлық санитарлы талаптарды сақтай отыра оқырмандарға қызмет көрсетуді бастап та кетті.
Елге сыйлы, еңбегі елеулі әріптестерімізді тағы бір мәрте алған марапаттарымен құттықтаймыз!