«Ертіс пен Тобыл арасы»
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасымен бірлесіп жаңа жобаны қолға алды. «Ертіс пен Тобыл арасы» деп аталатын тың жоба екі аймақ арасындағы әдеби сабақтастықты арттыруға, жастардың шығармашылығын дамытуға арналды.
Кездесу онлайн режимде өтті. Қос аймақ арасындағы телекөпірге Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар және Қостанай облыстық филиалдарының директорлары, Жазушылар одағының мүшелері, Павлодар облысындағы «Өркен» жас ақындар клубы мен Қостанай өңіріндегі «Аққауырсын» жас қаламгерлер клубының өкілдері қатысты.
Павлодар қаласы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани шараға қатысып, жастарға ақыл-кеңесін айтты.
- Бүгінгі шараның өңір әдебиетінің дамуына қосары мол. Жастарымыздың қай тақырыпқа қалам тербеймін десе де еркіндігі бар. Кешегі Кеңес үкіметінің салқынын көрген біздер бостандықтың қадірін жақсы білеміз. Өңірлердегі әдеби байланысты нығайту үшін осындай жаңа жобалар керек, -деді Арман Қани.
Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантайұлы Ертіс-Баян өңірінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды.
Сондай-ақ Павлодар өңірінде құрылған «JEBE» қоғамдық бірлестігінің Құрметті төрағасы, облыстық «Халық радиосының» бас редакторы Жұмабек Сманов, көрнекті ақын Қуанышбек Шарманов, «Өркен» жас ақындар клубының жетекшісі, ақын, аудармашы Айбек Оралхан өз ойларын ортаға салып, өңірдегі әдеби ахуалға тоқталып өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры Жанұзақ Аязбеков, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, ақын Абылай Мауданов Қостанай өңіріндегі жас ақындардың аяқ алысына, әдебиет төңірегіндегі кейбір түйткілді мәселелерді атап көрсетті.
Жиын барысында екі өңірдің жас ақындары өлең-жырдан шашу шашып, алдыңғы толқын ағаларға сұрақтар қойып, тәжірибе алмасты. Павлодарлық ақындар арасында Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы, ақын Еламан Қабділәшім, ақтоғайлық Нұх Ерболат, Асылбек Март, Раушан Амангелді, Аманжол Бибала секілді ақындар бар.
Аталған жоба маусым сайын ұйымдастырылады.