«Қазақ музыкасының ғұламасы» атты кітап көрмесі
29 сәуір күні облыстық кітапхананың оқу залында оқырмандар назарына қазақтың көрнекті музыкатанушы ғалымы және танымал композитор, республиканың халық әртісі, өнертану докторы, профессор Ахмет Жұбановтың 115 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ музыкасының ғұламасы» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Композитор Ахмет Қуанұлы Жұбанов - ерекше және өзіндік ұлттық көзқарасы бар жарқын өнер иесі. Ахмет Қуанұлы Қазақ Кеңестік музыкасының негізін қалаушы, ол ұлттық музыкалық мәдениетке арналған жүздеген зерттеу жұмыстарын, мақалалар мен көркем очерктер жазып, академик, Қазақ КСР Халық әртісі дәрежесіне дейін көтерілді.
Көрмеге қойылған кітаптардың арасында Ахмет Жұбановтың қазақ халық әншілері-композиторлары, әнші-орындаушылары, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы: «Замана бұлбұлдары», «Струны столетий», «Соловьи столетий», «Құрманғазы», «Өскен өнер», «Музыкадағы алғашқы адым», «Ән күй сапары» («Путешествие по песням и кюям») атты көп жылғы еңбектері бар. Академик М.С. Сильченконың «қазақ музыкалық мәдениетінің энциклопедиясы» деп атаған «Замана бұлбұлдары» кітабы үшін Ахмет Жұбанов ҚазКСР ҒА-ның Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Онда автор Біржан сал, Ақан сері, Мұхит және басқа халық орындаушылары туралы әңгімелейді.
Сондай-ақ көрмеде композитор Ахмет Жұбановтың шығармашылық өмірі туралы очерктер жинақталған белгілі кеңестік музыкатанушылар мен заманауи авторлардың кітаптары ұсынылды: П.Аравин «Дала жұлдыздары», «Степные созвездия», «Ахмет Жұбанов»; Б. Гизатов «Академик Ахмет Жұбанов», «Күйден симфонияға дейін»; «Қазақстан композиторлары» және т. б., оның ішінде журналдар мен газеттерден алынған мақалалар да бар.
Халық музыкасының мұрасын қызғыштай қорғаған Ахмет Жұбанов өмірінің соңғы күніне дейін өмірінің идеалына айналған музыка тағдыры туралы ойлануды тоқтатқан жоқ.