«Қазақ сатирасының таңдайы»
Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана төрінде сатира сардары, белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, сатирик-жазушы, техника ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Таңдай Кенеевтің 75 жылдығына арналған «Қазақ сатирасының Таңдайы» атты еске алу кеші өтті.
Жарқын жүздесуге сонау Алатаудың бөктерінен сатирик қаламгердің отбасы, ет жақын туыстары арнайы келді. Атап айтар болсақ, жазушының жары Гүлбаршын Арынова апамыз, інісі геолог, еңбек ардагері Жұмағали Кенеев, қызы Гүлнар Таңдайқызы құнды естеліктерімен бөлісті.
Еске алу кеші Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Бегалинова Самал Балғабайқызының сөзімен басталып, сатира садағын асынған Ғалымбек Жұматов бастаған Ертіс-Баян өңірінің ақын-жазушылары әсерлі әңгімелерімен жалғасты.
Жүздесу барысында Таңдай Кенеевтің шығармашылығынан сыр шертетін бейнероликтер көрсетілді.
Қаламгердің інісі Жұмағали Кенеев ағамыздың елге сіңірген еңбегі мен шығармашылық жолы жайында тың ақпараттармен бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті ақын, аудармашы Айбек Оралхан қаламгер шығармаларына шолу жасаса, жас ақын Павлодар педагогикалық университетінің студенті Есенгелді Жәнібектің Таңдай Кенеев туралы Арнау өлеңімен көпшілікті тәнті етті.
Кеш соңында жазушының жары Гүлбаршын Құдысқызы жиналған көпшілік қауымға алғысын білдіріп, жазушының бірқатар жинақтарын оқырмандарға табыс етіп, кәдесыйларын таратты.