«Кітап оқып, рухани бай бол!»
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында «Кітап оқып, рухани бай бол!» сайысы қорытындыланды.
Шараның мақсаты қоғам арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітапқа деген ынтызарлығын ояту, классик жазушылардың шығармаларын көпшілікке насихаттау.
Байқауды «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі мен Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірігіп ұйымдастырды. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Ж. Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының әртісі Рауза Тәжібаева, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы Владимир Долгушев, журналист, блогер Ризабек Исабеков және С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоғаммен байланыс секторының басшысы Алпысбай Хонж енді.
Екі кезеңнен тұратын аталмыш әдеби шара өңірімізде осы жылдың 15-қазаны күні басталған еді. Қатысушыларға қойылған талап бойынша І кезең әлеуметтік желілерде эстафета бағытында өткізілді. Байқау ережесіне сәйкес, үміткерлер өзі таңдаған кез келген шығармадан үзіндіні мәнерлеп оқып, инстаграм немесе фэйсбуктегі жеке парақшасында жариялауы қажет еді.
Бірінші кезеңге облыс бойынша барлығы 22 қатысушы бақ сынады. Келесі айналымға әлеуметтік желілерде ең көп лайктар мен репост жинаған 10 қатысушы өтті. Шараға ең белсенді қатысқандар арасында Инновациялық Еуразия университеті мен Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі бар.
Ақтық кезең дебат түрінде өтті. Қазылар алқасы қатысушыларға Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысын таңдады. Сынға түскен екі топ «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, одан соң пікірталас өткізді. Қатысушылар жақтаушы және даттаушы жақ болып екі топқа бөлініп, пікірталасты қызықты өрбітті. Сайыс соңында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Ж. Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының әртісі Рауза Тәжібаева мен «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев шара туралы пікірлерін білдірді.
Әділ қазылар алқасының шешімімен «Көркем сөз шебері» номинациясымен жүлделі І орынға Әділхан Қуандық, «Ұшқыр ой» номинациясымен ІІ орынға Аружан Тлен, «Саңлақ спикер» номинациясымен ІІІ орынға Ділназ Шаймерден ие болды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, І мен ІІ орын жүлдегерлеріне «Меломан» дүкендер желісінің «Марвин» кітап дүкені ұсынған ақшалай сертификаттар табысталды. Ал ІІІ орын иегеріне С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі атынан ақшалай сыйлық берілді. Сайысқа қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар (кітап) мен Алғыс хаттармен марапатталды.