«Кітапхана – рухани байлық мекені»
«Өлкетану сабақтары» атты лекторий аясында С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханасында 30 қаңтарда Павлодар облысының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасының 50 жылдығы аталып өтілді. Іс- шараға арнайы кітапхананың басшысы Жамал Кенжебекова, «Қазақстандық зағиптар қоғамының» төрағасы Қабдұлов Дүйсен, кітапхананың оқырмандары мен қызметкерлері қатысты. Жамал Киянкинқызы өзінің кітапханашыларының ағарту саласындағы жетістіктері мен табыстары туралы айтты. Айта кетсек, 2019 жылы Нұр- Сұлтан қаласында мəдениет жəне өнер қызметкерлерінің ІІ «Рухани қазына — 2019» республикалық фестивалі өтті. «Көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған арнайы кітапхананың үздік кітапханашысы» номинациясында кітапхана басшысының орынбасары Ляззат Қуантаева жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері арнайы кітапхананың алдыңғы басшысы Абельдинова Зоя Саярқызын жақсы және жылы сөздермен еске алды. Ол туралы онымен бір уақытта жұмыс істеген Жібек Рамазанқызы Баширова айтып берді.
Іс-шараның қонақтары Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері болды. Оларды Брайль шрифтімен басылған кітаптары ұсынылған көрме қатты қызықтырды. Тұрақты оқырмандар да кітапхана қызметкерлерін құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс және сәттілік тіледі.