Мектеп театр үйірмелері сынға түсті
Қазақ балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өңіріміздегі мектеп театр үйірмелері арасында «Балалық шаққа саяхат» атты байқау ұйымдастырылды.
Байқауға барлығы 9 мектептің үміткерлері қатысып бақ сынады. Олар жазушының «Менің атым Қожа», «Аяжан кім?», «Он алты жасар чемпион» секілді әйгілі туындыларын сахналады.
Байқауға ҚР мәдениет қайраткері, актер Бейбіт Шәнім, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы секілді азаматтар қазылық етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша дарынды балаларға арналған музыкалық колледж – музыкалық мектеп-интернат кешенінің «Қуырдақ» балалар драма үйірмесі топ жарды. Павлодар қаласындағы №2 ЖОББМ-нің «Ғажайп сахна» театр үйірмесі жүлделі 1-орынды жеңіп алса, №40 ЖОББМ «Балалар әлемі» шығармашылық тобы жүлделі 2-орынды еншіледі. Ал Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің «Бөкейхан жұлдыздары» театр үйірмесі үшінші орынға қол жеткізді. Ал ынталандыру сыйлықтарына Кенжекөл ЖОББМ «Қызық» баллар театр студиясы мен №7 ЖОББМ «Балдаурен» шығармашылық тобы өзара бөлісіп Дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орыннан шет қалған командалар да Алғыс хаттарға, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Еске сала кетейік, биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары таңдалып алынған еді.