Коронатерапия немесе павлодарлық кітапханашылар карантиндік уақытты тиімді өткізуді ұсынады
Орын алған жағдайға байланысты бүгінде қоғамдық жерлерге, әсіресе - ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынуда. Көктемнің мамыражай күнінде үйде омалып отыру әрине қиын. Адамдар далада көбірек жүріп, бой жазып, киноға немесе басқа да қоғамдық орындарға барғысы келетіні түсінікті. Бірақ бұл жұқпалы ауру кезінде адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сақ болған жөн.
Сіздер бұл күндері кітапханаға бармай-ақ үйде отырып, қашықтықтан кітап оқи аласыздар. Ол үшін біз сіздерге арнайы сілтемелер ұсынатын боламыз. Ғаламтордан сілтемеге кіру арқылы кітапхананың электронды ресурсын пайдалануға толықтай мүмкіндік қарастырылған. Ғаламторды қолданатын оқырмандарымызға кітапхананың ресми сайтындағы жергілікті авторлардың еңбектерін оқуға кеңес береміз.
Осылайша сіз карантиндік уақытыңызды тиімді пайдалана аласыз. Қысқасы үйде отырып-ақ қалаған кітабыңызды оқуға мүмкіндік береміз. Бұл сіздің денсаулығыңыз үшін қауіпсіз. Сонымен қатар жолға уақыт шығындамайсыз.
Ал ауыл кітапханашылары елді мекен тұрғындарынан алдын ала тапсырыс қабылдап, кітаптарды оқырмандардың үйіне дейін жеткізетін болады.