«Өлең – өмірдің айнасы» әдеби кездесу
3 қарашада Екібастұз қаласының «Өнер» қалалық мәдениет орталығында С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Кітап және қаламгер» жобасы аясында ақын-сатирик, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алтын қалам - 2020» әдеби сыйлығының лауреаты Алпысбай Әбділманұлы және ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Айбек Оралханмен «Өлең – өмірдің айнасы» атты әдеби кездесу өтті.
«Кітап және қаламгер» жобасы кітап оқудың беделін қолдауға, Ертіс өңірі тұрғындарының мәдени және оқырмандық ой-өрісін кеңейтуге, жергілікті қоғамдастық алдында кітапхана мен оқуды насихаттауға мүдделі мекемелер және ұйымдармен тұрақты байланыстарды дамытуға бағытталған.
Жас жазушылар өз шығармашылықтары жайлы айтып, өлеңдерін оқыды. Авторлар мен оқырмандар арасында мазмұнды әңгіме құрылды. Жазушылардың шығармашылық қалыптасуы туралы көптеген сұрақтар қойылды. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақты өз пікірін білдіруге, әдебиетке деген сүйіспеншілікті оятуға, сондай-ақ жастардың моральдық-адамгершілік тәрбиесіне ықпал етуге үйретеді.
Бұл іс-шараға Екібастұз қаласының шығармашылық зиялы қауымы, колледж және мектеп оқушылары, педагогтер, жалпы әдебиет сүйер қауым қатысты.