«Махаббат музыкасы» атты әдеби-музыкалық кеш
15 сәуір - «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» Ұлттық ғашықтар күні. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың креативті шығармашылық орталығы «ART-STUDIO» жобасы аясында қала жастарын «Махаббат музыкасы» атты бейресми әдеби-музыкалық кешке жинады.
«Махаббатсыз дүние бос...» атты кітаптар көрмесі әрине, осы тақырыптағы барлық кітаптарды сыйғыза алмас еді, сол себепті онда қазақ және шетел авторларының махаббат жайлы өлеңдері, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ләйла мен Мәжнүн», «Ромео мен Джульетта» және т.б. эпостар орналастырылды. Жиналған жастар «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» аңызы туралы сюжетті тамашалады, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониядан келген қонақтың кәсіби орындауында жерлесіміз Естайдың «Құсни Қорлан» әнін тыңдады.
Көрермендерге еркін микрофон ұсынылды: жастар өздері шығарған өлеңдер мен әндерді, Абайдың әнін а капелла, гитарамен әндер, саксофон, вокалдық композициялар шырқады, кітапхана оқырмандары өнер көрсетушілерге қосылып, өздерінің сүйікті әндерін айтты. Кеш жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады!