#Маған28 – мәресіне жетті
Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы егемен елдің құрдастары арасында #Маған28 кітап оқу челленджін ұйымдастырған еді. 2019 жылдың 20-желтоқсаны күні #Маған28 кітап оқу челленджінің қорытынды шарасы облыстық кітапханада өтті. Шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысып, акцияға атсалысқан азаматтарды құттықтап, тәуелсіздіктің құрдастарын марапаттады.
Акцияға Павлодар өңіріндегі барлық аудан, қалалармен қоса еліміздің өзге де өңірлерінен қолдау білдіргендер табылды. Атап айтсақ, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, ШҚО-ның Семей мен Өскемен және Тарбағатай өңірлерінен де челленджге қатысушылар болды. Тіпті, Ресейдің Астрахань қаласынан да арнайы шараны қолдағандар бар. Акция аясында 70-ке жуық тәуелсіздіктің төл құрдастары кітапханаларға барып, егемендік туралы кітаптар оқып, әлеуметтік желілерге өздерінің бейнекөрсетілімін жолдаған. Жиын барысында қатысушылар көршілес мемлекеттің Астрахань қаласында түсірілген бейнекөрсетілімге назар аударды. Сондай-ақ Атырау облысы Құрманғазы ауданынан акциямызға үн қосқандарды да көгілдір экран арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Қостанай, Атырау өңірлеріндегі оқырмандармен тікелей желіде хабарластық. Олар онлаин жүйе арқылы жиынға қатысушыларды құттықтады.
Шараға қатысқан «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ бастаманың болашақ ұрпақ үшін маңызды екеніне тоқталып өтті. #Маған28 кітап оқу челленджіне құрдастарының арасында бірінші болып қатысқан республикалық «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі, ақын, журналист Өзгеріс Қуанар акция аясында өзі оқыған қазақтың біртуар ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының «Ту» атты өлеңдер жинағының мән-маңызына назар салды.
Қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен бағалы сыйлықтармен марапатталды.