Әріптер салу бойынша шеберлік сабақ
5 мамыр күні облыстық кітапханада "PavlodART" бейнелеу өнері фестивалі аясында графикалық дизайнер Нұргүл Тұрғанбекованың леттеринг заңдарын пайдалана отырып, әріптер салу бойынша шеберлік сабағы өтті. Шебер сабаққа "Буквица" атауын берген.Аты өзі айтып тұрғандай қатысушылар бұл күні леттеринг жайында біраз мағлұматтар алды. Әңгіме барысында негізгі қаріп және әріп композициясы, қолдану ерекшеліктері туралы тақырыптар қозғалды. Анығында әріптерді былай әдемі салу үшін, жазудың жақсы болуы міндетті емес екендігіне барлығының көзі жетті. Көптеген адамдар үшін әр түрлі қаріптердің техникасын игеру медитацияға түсуге және күнделікті уайымнан алшақтауға мүмкіндік береді екен. Түрлі техникаларды пайдаланып, қаріптің қызығына түскен қатысушылар екі сағаттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалды. Шара соңында келушілер шеберге алғыстарын айтып, қимай қоштасты.