«Мұхтар Мағауин шығармаларының көркемдігі» атты онлайн дәріс
Биыл Қазақтың біртуар дарынды жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 80 жасқа толып отыр.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың әлеуметтік желілерін пайдаланушылар үшін жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы ф.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Раушан Мамырқызы Мүтәлиева «Мұхтар Мағауин шығармаларының көркемдігі» атты онлайн дәрісін жүргізді.
Дәрісте Р.М. Мүтәлиева Мұхтар Мағауин әңгімелеріне талдау жасады, «Көк мұнар» романы мен «Аласапыран» роман-диологиясының ерекшеліктеріне тоқталды. Мұхтар Мағауин аса талантты жазушы, біртуар тұлға. Жазушы өзінің шығармаларында адам өмірін, олардың салт-дәстүрлері мен арман-тілектерінің қайталанбас тарихи көрінісін береді. Қазіргі уақытта да жазушының шығармалары өзектілігін жойған жоқ.
М.Мағауиннің еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істеген. Бұдан соң Қазақ ССР Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында доцент және аға ғылыми қызметкер болып істеді, сонымен қатар Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізеді. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының Бас редакторы болды.