«Қазақтың бір туар әншісі» музыкалық сағаты
10 наурыз күні машина жасау колледжінің студенттерінің қатысуымен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әнші, халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрғали Нүсіпжановтың мерейлі 85 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың бір туар әншісі» атты музыкалық сағаты өтті. Шара барысында өнер қайраткері туралы тың ақпараттар берілді. Музыкалық колледж студенттері Нұрбердиев Руслан мен Хайроль Нұрсұлтан әншінің репертуарындағы «Саржайлау» әнін орындады. Көрермендер назарына «Көп қырлы эстрада» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев Нұрғали Нүсіпжановқа «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М. Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә. Бейсеуовтың «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т. Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан.