«New Best Books» - оқырман олжасы!
Бүгінде С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының кітап қоры жаңа дүниелермен толықтырылуда. Жақсы жаңалыққа жаршы болуға асығатын кітапхана ұжымы «New Best Books» атты онлайн жобаны қолға алды. Ендігі жерде оқырмандар үйден шықпай-ақ интернет арқылы жаңа кітаптар жайлы толық мәлімет алу мүмкіндігіне ие болады.
Кітап сөрелеріне қатталған жаңа оқулықтардың тақырыбы сан алуан. Рухани құндылықтар мен салт-санамызды айшықтайтын кітаптар, әдебиет пен мәдениет, тарих, саясат, өнер, спорт бизнес және басқа да түрлі әлеуметтік тақырыпты қамтитын су жаға дүниелер көздің жауын алады.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 1650 дана кітап сатып алынды. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған 192 кітап қазақтілді оқырмандар үшін мол олжаға айналмақ. Жаңа кітаптар түсе салысымен «New Best Books» атты тың жобаны қолға алдық. Мақсатымыз – жаңа кітаптарды сүйікті оқырмандарымызға таныстыру. Жаңа жоба облыстық кітапхананың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында тұрақты түрде жарияланатын болады. Жоба аясында жаңа кітаптардың мазмұны мен ерекшеліктері жайлы кеңінен баяндалады.
Жаңа түскен кітаптардың ішінде бұрын-соңды оқырман қауымның қолына іліне бермеген құнды дүниелер көп. Мәселен, «Абайтану» таңдамалы еңбектер көптомдығы, Алаш арыстарына арналған «Ақжол» көптомдығы, «Даңқты адамдар» сериясымен жарық көрген Архимед, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Дінмұхамед Қонаев секілді тұлғалар жайлы жазылған кітаптар көзге жылы ұшырайды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына және кәсіптік білім беруге арналған оқулықтар, «Менің 100 кітабым» циклі, «Әлем классиктері», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Аманат журналының кітапханасы», «Pocke book», «Сөмке кітабы», «Эксклюзивті жаңа классика» секілді сан алуан тақырыптарда топтастырылған кітаптар тізімінің барлығын бірдей тізбектеп айтып шығу мүмкін емес.
Құнды қазынаның ішіндегі Алаш арыстары жайлы жазылған «Ақжол» көптомдығының орны бөлек. Өз заманының заңғар тұлғалары қалдырған деректер осы кітапта молынан кездеседі. Себебі, көптомдыққа Ташкент қаласында шыққан «Ақжол» газетінің 18.09.1925 – 15.03.1926 жылдары арасында жарық көрген нөмірлеріндегі ұлт қайраткерлері жазған материалдар топтастырылған. Бағалы мәліметтер жинақталған бұл кітап ұлт руханиятына ынтызар барша оқырманның көңілінен шығарына сенім мол.
Облыстық кітапханаға түскен жаңа кітаптар арасында балақайлардың көңілінен шығатын, жеткіншекке берері мол дүниелер бар екендігін айтуға болады. «Дауысқа құлақ асайық», «Пазлды кітап», «Сүйікті ертегі», «Балалар кітапханасы», «Сыныптан тыс оқу», «Графикалық роман»секілді балаларға арналған кітап серияларының циклы ендігі жерде кітапханадағы балалар әдебиеті бөліміне рухани олжа болмақ.
Құрметті оқырман, жаңа кітаптар жайлы білгіңіз келсе облыстық кітапхананың ресми сайтынан және әлеуметті желілердегі (фейсбук - pavlodarounb және инстаграмм – @pavlodarlibrary) парақшаларынан көз жазбаңыз.