Облыстық кітапханадағы ашық есіктер күні
13 желтоқсан күні облыстық кітапхана есігі барлық ниет білдірушілер үшін айқара ашық болды. Ашық есіктер күні түрлі іс-шараларға толы болды.
Таңертеннен кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік.Елбасы.Мәңгілік Ел» кітап көрмесіне шолу және экскурсия өткізді. Аталмыш көрмеде еліміздің ежелгі мемлекеттік құрылымдардан бүгінгі күнге дейінгі тарихы, Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын баяндайтын алты бөлім ұсынылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің қол жеткізген табыстарына ерекше көңіл бөлінді.
Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары үшін «Цифровые технологии» атты кәсіби сағат өткізілді, онда Инновациялық Еуразия Университетінің ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы Г.К.Акижанова оқу шарттары, мамандық таңдау ережелері, ЖОО мамандықтары, ҰБТ-ның жаңа ережелері, сонымен қатар шеберлік сабақтар, көрмелер, ғылыми зерттеулер өткізілетін ІТ мамандарын дайындайтын аймақтық орталық туралы ақпараттарымен бөлісті.
Жазушы, публицист және қоғам қайраткері Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына «Жазушы. Философ. Дипломат» атты әдеби сағат арналды. Ақын Н.Антарес жазушы өмірінің көпшілік қауым біле бермейтін тұстары туралы айтты. Кеш қонақтары «Феномен кыргызского народа» деректі фильмін тамашалап, «Творческий портрет писателя» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледж студенттері мен «Истоки» әдеби-сазды клубының мүшелері жазушы қылқаламынан туған «Буранный полустанок» және «Плаха» романдарынан үзінділер оқыды.
Айтулы күн суретші Ж.Молдабековтың «Жарқын белес» атты шығармалар көрмесінің ашылу салтанатымен аяқталды. Көрмеге Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейтін ондаған суреттер қойылды. Пейзаждар Баянауылдың және автордың кіндік қаны тамған Оңтүстік Қазақстан облысының сұлулығын бейнелейді. Елордамыз Астана, Санкт-Петербург қалалары бейнеленген қалалық пейзаждар жиналған қауымның қызығушылығын тудырды. Портреттердегі бейнелер адам сезімдерінің сұлулығы туралы айтады. Ұлттық нақыш, Қазақстанның тарихы тақырыптары көптеген еңбектерінде орын алған. Көрменің ашылу салтанатына өнертанушы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі М.Б. Хусаинова, Қазақстан Республикасы Суретшілер Академиясының академиктері О.Шоранов пен А.Игембаев қатысты. Аталмыш көрмеге алғашқы боп атбасын тірегендер шығармашылық зиялы қауым өкілдері, көркемөнер мамандығының студенттері, облыстық кітапхананың оқырмандары болды. Көрме 2019 жылдың 15 қаңтарына дейін жұмыс істейді.
Осы күні кітапханаға келген қонақтар рухани және эстетикалық жағынан марқайып, жан азығын алды.