Облыс әкімі зиялы қауыммен кездесті

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Жиында аймақтың ғылым мен өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар  өңір тұрғындарының көкейінде жүрген көптеген мәселелердің басын ашып, шешу жолдарын ұсынды. Кездесуде сөз алған ақын, қоғам қайраткері Арман Қани әкімнің алдағы жұмысына толағай табыс тіледі. Сондай-ақ, аймақ басшысының әлеуметтік желілер арқылы халықпен етене байланыста болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері Абайдың 175 жылдығы аясында шаралар бойынша ұсыныстарын енгізді. Бұл ретте облысымызда Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылып, іс-шаралар өткізілетінін атап өткен жөн. Облыс әкімі Әл-Фараби, Абай секілді тұлғаларды ұлықтау тек олардың мерейтойында ғана емес жыл сайын өтуі керек екендігін баса айтты.  Кездесуге қатысқан ардагер журналист Сергей Горбунов облыста басталған көптеген жобалардың болашағына алаңдайтынын жасырмады. Ол жаңадан салынып жатқан «Спорт сити» қалашығының келешегі туралы айтты.

Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Зейнуллина Жүсіпбек Аймауытовтың туған ауылындағы жазушының әулеті жерленген қорымға, Алаш арысының өмірге келген ауылына көңіл бөлу керектігі жайлы айтты. Келер жылы Ж.Аймауытов театрының құрылғанына 30 жыл толады. Жиын барысында өңір өнерінің қара шаңырағының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту жайлы да сөз қозғалды. Ә.Сқақов зиялы қауым тарапынан жасалған барлық ұсыныстар мен өтініштерді қарастыратынын айтты. Жиынды қорытындылай келе өңір басшысы кез келген мәселенің шешімін шығарғанда қоғамның көзқарасына үнемі назар салатынын тағы да атап өтті.