«Балалар әдебиетінің бәйтерегі» оқу марафоны

Балалар ақыны, жазушысы Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. 1959 жылы онжылдық мектепті аяқтап, сол жылы әскери қатарына шақырылды. Германияда Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген Есентай Ерботин аудандық, облыстық газеттеріне балауса өлең жолдарын жолдап тұрған. Үш жыл әскери қатарында болған Есентай Ерботин Қарағандыдағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы бітіріп шығады. Біраз уақыт ауылда мұғалім болып қызмет атқарады.

Әдебиет мұғалімі Е. Ерботин енді өзін журналистика саласында байқап көргісі келеді. Ақын облыстық «Қызыл ту» газетінде жұмыс істейді. Содан кейін облыстық телерадио комитетіне ауысады. 1981 жылдан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейін Павлодар облысындағы «Қазақ радиосының» меншікті тілшісі болып істейді. Өлеңдері облыстық газетте, республикалық «Балдырған» журналында жиі жарияланып тұрды. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Өркен» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Арада екі жыл өтпей «Жалын» баспасынан «Өнеге» деген екінші жинағы шықты. 1981 жылы осы баспадан «Серік пен Берік», 1984 жылы «Менің досым», 1991 жылы «Далаға саяхат» жинақтарын шығарды. Бұдан басқа ұжымдық жинақтарда «Кім боламын?», «Жаңылтпаштар», «Балдырған базарлығы», «Айналайын анашым» атты өлеңдері мен топтамалары жарияланды.

Есентай Ерботин көптеген кітаптардың авторы. Міне осы кітаптарды асықпай оқып отырғанда ақынның алдымен өзінің кішкентай оқырмандармен ұғынысуға тырысатынын аңғару қиын емес. Ол өзінің ой-түсінігін жеткізу үшін әр-түрлі өлең формаларын пайдаланады. Жұмбақтар, өтірік өлеңдері ойнақы ұйқастарға құрылған. Е. Ерботиннің өлең өлкесіңдегі еңбектерінің тоқтар тұсының бірі - «Балалар бала болғанда» атты жинағы. Бұл жинаққа өлеңдер, бірнеше аңыздар мен толғаулар енген.