«Өнегелі ақын, сықақшы, журналист» атты еске алу кеші
18 маусымда облыстық кітапханада ақын, сықақшы, журналист, ҚР Құрметті журналисі Қажымұрат Смағұлдың туғанына 80 жыл толуына орай «Өнегелі ақын, сықақшы, журналист» атты еске алу кеші өтті. Ақын өмірі – өнеге, ісі – тәрбие.
Қажымұрат Құсанұлы 1939 жылы Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Жоғары Баян ауылында туған. 1958 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, төрт жыл ұстаздық еткен соң, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды. Лебяжі, Май аудандық газеттерінде, облыстық «Қызыл ту» (қазіргі Сарыарқа самалы) газетінде қызмет еткен. «Қалжындауға қалайсыз?», «Бәрін де біліп жүрміз!» «Тағдырлар» кітаптарының авторы. «Батырлық туралы жыр» дастанында «Халық жауының» Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың батырлығын баяндайды. Ақын 70-ке қараған шағында, 2009 жылы дүниеден озды.
Еске алу кешіне ақын-жазушылар – Ақын Алақанұлы, Сүлеймен Баязитов, ардагер журналистер – Бақыт Баймұратұлы, Мұхит Омаров, Социал Әйтенов, Ғалымбек Жұматов, композитор Назымбек Дүкенбай, ақынның баласы Дәулен Қажымұратұлы және туған-туыстары, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, Халық радиосының редакторы Жұмабек Сманов ақын жайлы естеліктерден сыр шертіп, жылы лебіздерін білдірді, Оразбек Саяхат ақынға арнау жырын арнап, жас ақындар Қажымұрат Құсанұлының өлеңдерін оқыды.
Кітап көрмесі ұйымдастырылды, оқырмандар Қ. Смағұлдың кітаптарымен, өмірі мен шығармашылығы туралы газет бетіндегі материалдармен танысты.