«Кәсіби инновациялармен алмасу күні» әдістемелік онлайн шеберханасы
Кітапхана – ақыл мен білім ордасы. Қазіргі таңда осы бір қасиетті орынның әлеуметтік маңыздылығы оқырмандарға жаңа, стандартты емес ресурстар мен қызметтерді ұсыну арқылы кеңінен танылу. Уақыт талап ететін жұмыстың жаңа түрлерін таңдай отырып, кітапхана халықтың талабына назар аударуы тиіс және кітапхана тарапынан ұсынылған дүние оқырмандармен қабылданып көңілінен шығуы қажет.
31 мамырда Павлодар және Ақмола облысы кітапханаларының мамандары арасында ZOOM платформасында «Кәсіби инновациялармен алмасу күні» атты әдістемелік онлайн шеберханасы өтті.
Павлодарлық кітапханашылар ауылдық кітапханаларды қайта жаңғырту және коммуникация орталықтарына қайта форматтау, кітап қорын жинақтауға бюджеттен тыс қаржатты тарту тәжірибесімен бөлісті, облыстық кітапхананың «Сирек кездесетін қор» және «Отбасы ұйытқысы - ене мен келін» онлайн-жобаларын іске асыру туралы айтып берді.
Заманауи өрлеу мен алға басу және уақытқа ілесу талаптары - кітапханашыларды әрдайым оқырмандармен жұмыс істеудің жаңа түрлерін іздеуге мәжбүр етеді. Іс-шара барысында Ақмола облысының кітапханашылары М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасының қызметін «Алтын Арқа» мәдени-ағарту орталығы ретінде таныстырып көрсетті; сонымен қатар «Ауылдық кітапхана – білім мен парасат ордасы -Сельская библиотека – центр духовной и культурной жизни», «Кітапханалардың үздік инклюзивті онлайн жобасы-2021» және ағылшын тілін оқыту бойынша «Полиглот» инновациялық кітапханалық жобалары аясындағы жұмыстарын қатысушылар назарына ұсынды.
Тәжірибе көрсеткендей, инновациялық тәсіл кітапхана жұмысын жаңаша құруға мүмкіндік береді. Осы ретте айтарлықтай қосарымыз - кітапхана қызметін пайдаланушылардың үміттерін ақтау, олардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ ақпаратты қолжетімді ету - біздің аймақтардағы кітапханашылардың жоспарлы түрдегі қызметтерінің басты мақсаты болып табылады.