Отбасылық оқудың тиімді тұсы
31 наурыз күні С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында отбасылық оқу жайлы бенефис өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты-балалардың рухани және жан-жақты дамуын нығайту, оқуға деген қызығушылығын ояту. Биылғы жылдың алдағы айларында оқитын отбасылардың тағы 3 бенефисін өткізу жоспарланып отыр.
Жобаның алғашқы қонақтары ретінде - Тақырбасовтар отбасы қатысты. Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының корреспондент-мүшесі, педагог Ерсін Қасқиұлы Тақырбасов өзінің тұлға ретінде қалыптасуына қазыналы кітаптың қандай маңызды рөл атқарғаны, Ш.Уәлихановтың шығармашылығын зерделеу және зерттеу бойынша атқарған қызметі, өзінің сүйікті жазушылары, өзі және өзінің әдеби әуестігі туралы айтып берді. Ерсін Қасқиұлының немересі Айғаным Заиркелді өзінің сүйікті кітабы ретінде Абайдың «Қара сөз» кітабын таңдайтынын білдірді, сүйікті өлеңдерін жатқа оқыды, сондай-ақ ел ішін аралаған сапарларынан алған әсерімен және болашақта журналист болу арманымен бөлісті. Қонақтар оқырмандардың сұрақтарына шынайы ықыласпен жауап берді.
Осындай жылы кездесудің естелігі ретінде қонақтарға отбасылық кітапхананы толықтыратын кітаптар сыйлыққа тартылды.