Жаңа кеңсе ашылды
Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың жанынан ҚР Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының кеңсесі ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова жазушылар ордасына арнайы келіп қаламгерлермен жүздесті.
- Еліміздің Тіл саясатын қолдаудың тиімді жолы - жергілікті қаламгерлерге қолдау білдіру. Болашақта осы ордада қаламы қарымды жазушылар жиналып, жастарға ақыл-кеңес айтатын рухани орда боларына сенемін, - деді Айзада Амангелдіқызы.
Облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Асыл Әбішев жергілікті жазушылар үшін арнайы ашылған кеңсе, өңір басшыларының әдебиетке деген үлкен қолдауы екендігін атап өтті.
Айта кетерлігі, жуырда облыстық әкімдіктің қолдауымен 3 қаламгердің кітабы жарыққа шыққан еді. Бейбіт Бөженнің «Елтұғыр», Қуанышбек Шармановтың «4 Өрім», Еламан Қабділәшімнің «Өлеңбаян» кітаптары оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта ҚР Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы жаңа кеңседе қарқынды түрде жұмыс жасауды жоспарлауда.