«Оқитын Павлодар» кітап фестивалі
23 сәуір күні облыстық кітапхана Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Оқитын Павлодар» фестивалін ұйымдастырды. Испания осы күні кітап сатып алатын адамға қызыл раушан гүлін сыйға тарту дәстүрінің негізін салды. Мерекелік шара осы әсерлі дәстүрден басталды.
Кітапхананың ең белсенді оқырмандарының есімдері аталды, бұл - әдеби қызығушылығының спектрі алуан түрлі және ауқымды болып табылатын Қафизов Бахриден Мажитұлы және №22 мектептің 3 сынып оқушысы Алькеева Данель, оның оқырман формулярында 157 кітап беру жазбасы бар.
Кітап мерекесі кітапхана ішінде жалғасты. Қонақтар үшін мазмұны бойынша аса қызықты бірнеше алаң бір уақытта жұмыс істеп, нон – стоп режимінде әдеби іс – шаралар өткізілді. Павлодарлықтар «Кітап көрмесі - жәрмеңке» алаңында «Сәтбаев кітап үйі» кітап дүкенінің, ПМПУ баспа орталығы мен «Дом печати» баспасының кітап нарығындағы жаңалықтарымен және бланк өнімдерімен танысты. Кітап сүйер қауым буккроссинг кезінде кітап алмасты.
Қазақ фольклорының қазынасын «Асыл сөздің жыршысы» алаңында жыршы Даниал Әсенов тыңдарман қауымға ұсынды; қазіргі заманғы әдебиетті павлодарлық поэзия ақсақалы Сүлеймен Баязитов таныстырды; сондай-ақ, жас ақын Жарқынбек Амантайұлы бенефисінде «Ескi сурет» жаңа кітабының тұсауын кесті. Жылдам оқу бойынша шеберлік сыныбын «Жылдам оқуға үйрету, каллиграфия, жадыны және зияткерлік дамыту мектебінің» ұстаздары өткізді. Келушілерге минутына 600 сөз көлеміндегі мәтінді меңгеру мүмкіндігі таныстырылды.
Фестиваль ашылуында жас, дарынды әншілер Алексей Лодочников, Роман Новосельцев өнер көрсетті.