«Павлодар облысының ғалымдары» цифрлық энциклопедиясының тұсаукесері
28 мамыр күні облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру шеңберінде «Павлодар облысының ғалымдары» цифрлық энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Бұл ғылымның даму тарихы және танымал бірегей, Қазақстан мен Павлодар облысының ғылымына баға жетпес үлес қосқан жерлес ғалымдардың қызметіне қызығушылық танытатын пайдаланушыларға арналған ашық желілік ресурс.
Жобаға ғалымдардың 100 - ге жуық есімдері енді. Цифрлы энциклопедияда жазбаны қалыптастыру үшін таңдаудың негізгі критерийі – ғылым докторы ғылыми дәрежесінің болуы. Жобаны жасауға өңіріміздің ЖОО – С. Торайғыров атындағы ПМУ, ПМПУ, ИнЕУ және облыс ОКЖ көмек көрсетті.
Тұсаукесер барысында Айтмұхамет Қасымбайұлы Тұрышев – филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Зифа Қақбайқызы Темірғазина – филология ғылымдарының докторы, профессор, Равиль Айсавич Вафеев - ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Анара Еркенқызы Каримова – тарих ғылымдарының кандидаты, ПМПУ – нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі сөз сөйледі.
Тұсаукесер Facebook, Инстаграм әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді.