Павлодар облысы баспасының цифрлық банкі
11 желтоқсан күні облыстық кітапханада «Павлодар облысы баспасының цифрлық банкі» атты жаңа жобаның тұсаукесері өтті. Электрондық ресурста Ертіс өңірінде өткен ғасырдың басынан шығарылып келе жатқан бірегей өлкетану газеттері жинақталған. Бұл бірінші кезекте биыл 90-жылдық мерейтойы аталып өтілген «Сарыарқа самалы» және 100 жылдық тарихы бар «Звезда Прииртышья» газеттері. Бүгінгі таңда елімізде жобаның аналогтары жоқ. Тұсаукесерге Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Нұрланұлы Дәуенов, журналистика саласының ардагерлері Тұрсынбай Ибадуллин, Мұхит Омаров, Юрий Поминов, Шолпан Байғалы, Сүлеймен Баязитов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани, профессор Айтмұхамбет Тұрышев, «Ертіс Медиа» ЖШС директоры Асқар Шөмшеков, фотожурналист Владимир Бугаев, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев және екі газеттің журналистері қатысты.
Іс-шара қонақтарға кітапхананың Цифрлау орталығының жұмысын таныстырудан басталды. Орталық кітаптар мен газеттерді сандық түрге ауыстыру арналған арнайы сканерлермен жабдықталған.
Кітапханамыздың тұрақты келушілері болып табылатын зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, жобаның маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті. Интернет кеңістігінде таныстырылған кітапхананың 9 электронды ресурстарының қолжетімділігі мен тиімділігін ерекше атап өтті.
Іс-шараға өңіріміздің мерзімді басылымдарына арналған «Ақпарат толқыны» атты кітап көрмесі қойылды.