АСА СҰРАНЫСҚА ИЕ ЕКІ КІТАП ЕНДІ ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНА СӨРЕЛЕРІНДЕ!

Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана төрінде белгілі қаламгер, журналист, логотерапевт Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс», «Қисса сүл-әнбия» экзистенциялық талдау кітаптарының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер рәсіміне кітаптардың авторы Санжар Керімбай, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қаламгерлер және жастар қатысты. Шара барысында дәстүрлі әндер шырқалып, қазақтың «Тұсау кесер» рәсімі де жасалды. Ал ерекше сұранысқа ие осынау екі кітаптың авторы Санжар Керімбай болса туындылардың идеясы мен мазмұны жайлы толықтай баяндап берді.

«Бейсен және болмыс» кітабында қазақ журналистикасының тарланы Бейсен Құранбектің болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Автор Бейсен Құранбектің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясын жан-жақты түсіндіруге тырысады. Адам болмысы қалай ашылады, қалай көрінеді, өмірдегі мәнін қалай анықтайды деген әртүрлі ситуацияларды араластыра отырып, сұрақтарға жауап береді. Кітап экзистенция философиясына, логотерапия іліміне қызығатын оқырманға арналған.

Ал «Қисса сүл-әнбия» кітабы болса еліміздегі «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының кітаптар сериясы аясында басылып шыққан. Кітапты басып шығаруға бекінген арнайы топ авторлары 5 жыл уақытын жұмсаған. Қиссалар топтастырылған кітаптың басты ерекшелігі әр қиссаға жеке-жеке талдау жасалып, теориялық жағынан түсінік берілген.

Құрметті оқырман аталған кітаптарды облыстық кітапхана сөрелерінен таба аласыздар!