«Ата-бабалар жолымен» атты өлкетану жобасының тұсау кесері

5 сәуірде облыстық кітапханада «Облыстық кітапханадағы ОКЖ күндері» жобасы аясында «Ата-бабалар жолымен» атты өлкетану жобасының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шаралар циклін алғашқы болып Ақтоғай ауданы ашты. Оның мақсаты - облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін өңір кітапханаларының жаңа, қызықты, креативті идеяларымен таныстыру.

Ал, «Ата-бабалар жолымен» атты өлкетану жобасының мақсаты: кіші Отан тарихын, яғни Ақтоғай ауданының мәдени және әдеби ескерткіштерін зерделеу, атақты жерлестердің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру. Тарихы бай, топырағы киелі өңірдің географиялық ерекшелігін айшықтай отыра, осы өңірде өсіп-өнген бойына қасиет қонған дарынды тұлғаларды көпке насихаттау.

Алдағы уақытта «Ата-бабалар жолымен» атты жоба шеңберінде оқырмандардың киелі жерлерге сапарлары жалғасады. Мәселен, белгілі әнші, ақын, композитор Естай Беркімбаевтың, қасиетті Бекбау атаның, белгілі ақын Қимадиден Нығмановтың мұражайына, кесенелеріне саяхат жасалып, тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында кеңірек ақпарат беріледі.

Жобаның тұсаукесеріне Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Мәдениет және өнер бөлімі басшысы Ә.М.Аксакова, қоғам белсенділері, тарихшылар, өлкетанушылар Ж.Сманов, Б.Бөжен, Е.С.Жұматов, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматтары, музей, кітапхана қызметкерлері және оқырмандар қатысты.