«Менің мамандығым – автомеханик» атты кездесу
17 наурыз күні облыстық кітапханада «Менің әуестігім – менің мамандығым» әлеуметтік жобасы аясында Техникалық сервис колледжі студенттерінің оқытушы Б.С. Темірғалиевпен кездесуі өтті.
Кәсіби бағдар сағаты «Менің мамандығым – автомеханик» тақырыбына арналды. Балалар мамандық таңдау жолындағы «қалаймын», «жасай аламын», «керек» деген маңызды қағидалармен танысты, сондай-ақ, еңбек нарығының бақылауындағы жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс пен ұсыныстар жайлы және халықты жұмыспен қамту қызметінде мәлімделген ең қажетті жұмысшы кәсіптері мен жалақының орташа деңгейі туралы ақпараттар алды.
Дифференциалды-диагностика бойынша жүргізілген сауалнамадан кейін студенттер белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу қабілеті мен ықыластың тиісті дәрежесіне сәйкес келетін «Адам - Адам», «Адам - Белгі жүйесі», «Адам - Техника», «Адам - Табиғат» және «Адам - Көркем образ» салаларындағы кәсіби таңдау саласын анықтауға мүмкіндік алды. Кездесу барысында көрсетілген «токарь» және «слесарь-автомеханик» мамандықтары туралы бейнефильмдер жасөспірімдердің қызығушылығы мен таңданысын тудырды.