Сәтбаев және кадеттер
Ғылым күні аясында, 17 сәуір күні, қазақтың көрнекті ғалым-геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, Қабанбай батыр атындағы облыстық «Жас сарбаз» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10 сынып оқушылары «Ғылымға берілген өмір» зияткерлік ойынына қатысты.
Ойынға 4 команда қатысты. Ойын Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі туралы танымдық тапсырмалардан құралған 5 раундтан тұрды. Ойынға қатысушылар ұлы ғалымның қазақстандық геологиялық ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі туралы білімдерін кеңейтті, ғалымның өмірінен қызықты фактілерді білді.
Кадеттер жоғары білім деңгейлерін көрсете білді. Іс-шара білім алушыларға өздерінің зияткерлік-шығармашылық әлеуетін, логикалық ойлауын, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын іске асыруға мүмкіндік берді.
Командалар тапқырлық пен эрудицияны көрсете отырып, тапсырмаларды орындады. Ойынға қатысушылар Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Қазақстан тарихында лайықты орын алғанына, ұлттың, қоғамның және дәуірдің Тұлғасы екеніне тағы да көз жеткізді.