БҮГІН КӨРІСУ КҮНІ
"Көрісу (қауышу) күні" қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Әсіресе, бұл күн еліміздің батыс өңірінде кеңірек аталып өтіледі. "Көрісу" күнінде алты ай қыстан аман шыққан ағайын-туыс, көрші-қолаң, алыс-жақындағы бауырлар "Жаңа жасың құтты болсын!" деп құшақтасып көрісетін болған. Бұл туралы хакім Абай "Жазғырұры" өлеңінде: "...Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып"- дейді. Өкінішке қарай бүгінде әлемді короновирус дерті дендеп тұр. Қазір қоғамдағы әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жеке гигиеналық талаптарды сақтауы қажет-ақ. Бірақ бұл "Көрісу күнінің" маңыздылығын жоюға әсер етпеуі керек.
Алыс-жақындағы ағайынды бауырыңызға басып құшақтай алмасаңыз да, үлкендерге сәлем беріп, батасын алып, тым болмаса телефон немесе ғаламтор арқылы құттықтауыңызға болады. Мереке баршаңызға құтты болсын!