«Тағзым. Құрмет. Өнеге» атты еске алу кеші

28 қыркүйекте облыстық кітапханада ауыл шаруашылығы  саласының дамуына елеулі үлес қосқан азамат, шопан, Социалистік Еңбек Ері, Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылының тумасы Жұмабек Жанғожыұлының 90 жылдығына арналған «Тағзым. Құрмет. Өнеге» атты еске алу кеші өтті.

Жұмабек Жанғожыұлы 1931 жылы 11 сәуір Лебяжі ауданы Бесқарағай ауданында туған. 1945-1964 жылдары «Бесқарағай» кеңшарында жұмысшы, аға шопан болып еңбек еткен.  Есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген. Солтүстік Қазақстандық қой тұқымының жаңа түрі – бесқарағайлық мериносты шығаруға ат салысқан.

Жұмабек Жанғожыұлының қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, 1966 жылы 22 наурызда Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Құрмет Белгісі орденімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Іс-шараға Лебяжі ауданының бұрынғы райком партиясының хатшысы К.А.Ажмұратов, Аққулы ауданы әкімінің орынбасары А.Ж.Қасымова, Торайғыров Университетінің ауылшаруашылық факультетінің деканы Т.Қ.Бексеитов, сонымен қатар туыстары және оқытушылар мен студенттер, Аққулы ауданының ОКЖ қызметкерлері қатысты. Қатысушылар Жұмабек Жанғожыұлы туралы естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді.

«Еңбекпен өрілген өмір» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.