«Тәуелсіз Қазақстан: әлеуметтік және мәдени кеңістіктегі кітапханалардың орны» атты халықаралық конференция
20-22 қазан күндері Орал қаласында Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 150 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: әлеуметтік және мәдени кеңістіктегі кітапханалардың орны» атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияға С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім басшысы Ж. К. Қажыбаева және абонемент бөлімінің кітапханашысы Б. Т. Букашева қатысты.
Шара аясында Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының, Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейінің, №6 кітапхана, Х.Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жұмыстарымен танысты.
21 қазанда «Атамекен» өнер ордасында Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуы Қазақстан кітапханалары баспа өнімдерінің кітап көрмесімен танысудан басталып, пленарлық отырысқа жалғасты.
Жиынды М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы жүргізді. Қатысушыларға арнап Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев; Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Сайран Темірғалиұлы Дүйсенов, «Қазақстандық салалық мәдениет, ақпарат, туризм және спорт қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Кеңесқызы Иманкулова, Беларусь Ұлттық кітапханасының бас директоры Оксана Юрьевна Книжникова, Башқұртстан Республикасының Ахмет-Заки Валиди атындағы Ұлттық кітапханасының директорының міндетін атқарушы Марат Минигалеевич Зулькарнаев құттықтау сөз сөйледі.
Облыстық кітапхананың бөлім басшысы Ж.К. Қажыбаева «Кітапхана және оқырман: 125 жыл біргеміз» тақырыбында баяндама жасады. Халықаралық конференция бағдарламасы барысында «Ақжайық қаламгерлері» атты ашық сұхбат және Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан ОӘҒК-да ХХІ аймақтық «Жұбан оқулары» байқауының қорытындысы, «Облыстық кітапхана Тәуелсіздік жылдарында» жинағының тұсаукесері өтті.
22 қазанда «Тәуелсіз Қазақстан: әлеуметтік және мәдени кеңістіктегі кітапханалардың орны» атты халықаралық конференция аясында Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Кітапхана мұражайының ашылу салтанаты өтті. Халықаралық конференция «Қазақстан кітапханаларындағы өзекті мәселелер және олардың даму перспективалары» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен аяқталды.