Тәуелсіздік төрі

Дәл осындай атаумен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада арнайы кітап көрмесі қойылған ерекше алаң ашылды. Бастама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылуда.

Аталған алаңдағы кітап көрмесінде Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуы мен гүлденуі жолындағы еселі еңбегі айқын көрініс табатын туындылар молынан қамтылған. Мәселен, «Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы», «Қазақстан жолы», «Қазақстан және әлем елдері», «Елтаным» секілді кітаптардың орны ерекше. Сонымен қатар, көрмеде Тәуелсіздігіміздің бастауы саналатын «Желтоқсан көтерілісі», «86 Желтоқсан» көптомдығы төрден орын алған.

Биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осыған орай біз осындай оң бастама көтеріп отырмыз. Кітапхана – қашан да егемен ел тұрғындарының рухани, мәдени, әдеби ахуалын ойлаудан тыс қалған емес. Алдағы уақытта «Тәуелсіздік төрі» азаттығымыздың қадір-қасиетін аймаққа танытатын бірден бір орын боларына сенімдімін,- дейді облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова.

Айта кетерлігі, аталған алаңда оқырмандар үшін жан-жақты жағдай қарастырылған. Көрмеден Тәуелсіздік туралы құнды деректерді, тарихи фотосуреттерді тамашалап, мемлекетіміздің 30 жылдық тарихынан толықтай мәлімет алуға болады. Егемен елдің болашағы жайлы түрлі шаралар ұйымдастыруға лайықты орын да осы жерден табылады. Бұл әсіресе, жастар үшін ауадай қажет бастама болмақ. Тәуелсіздік кезеңінде өмірге келген жас ұрпақ егемендіктің қадір-қасиетін сездіріп, бойға рух, жүрекке шабыт сыйлайтын осындай ерекше орыннан әсер алатыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл орында жыл бойы Тәуелсіздік тақырыбындағы мәдени-рухани шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар көркі көз тартатын көрме алаңында естелік фото суретке түсуге де мүмкіндік бар. Алдағы уақытта қарапайым кітапхана оқырмандары мен қоғамдық бірлестік өкілдері, мектеп оқушылары, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қысқасы қоғамның кез келген өкілі санитарлық талаптарды сақтай отыра «Тәуелсіздік төріне» келіп, егемендік тақырыбындағы бастамаларын жүзеге асыра алады.