«Аударма - әдебиет арнасы» шығармашылық кеші
27 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі аудармашы, ұстаз, педагог Рауза Молдайыпқызы Мұсабаевамен «Аударма - әдебиет арнасы» атты шығармашылық кездесу өтті.
Рауза Молдайыпқызы неміс тілінен тікелей қазақшаға және ресейлік неміс авторларының романдарын, көркем шығармаларын, новеллаларды, криминалдық әңгімелерді, танымдық дүниелерді, бүгінгі замандағы ертегілерді аударғаны жайлы тәжірибесімен бөлісті. Аударма арқылы мәдениетті, ұлттық құндылықтарды сақтау маңыздылығына тоқталды. Рауза Молдайыпқызының аударма саласына қосып келе жатқан еңбегі орасан зор.
Кездесу барысында Орта Азияның көрнекті ақындарының шығармалары енгізілген «Самұрық» атты екі томдық антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған жинаққа қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, тәжік ақындарының неміс тіліне аударылған шығармалары және неміс қаламгерлерінің Орта Азия мемлекеттерінің тілдеріне аударылған туындылары топтастырылған.
Шығармашылық кешіне Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, жазушы, Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай, ақын, аудармашы Айбек Оралхан, ақын, ұстаз, аудармашы Жеңісбек Пәзілұлы қатысты.