«Тәуелсіздік тұғырым» конференциясы
13 желтоқсан күні С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік - тұғырым» атты конференция өтті. Шараның мақсаты – тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи маңызды оқиғаларды еске алып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Шара барысында «Желтоқсан оқиғасының» тарихи маңызын талқылау үшін баяндамалар мен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Конференцияға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Қайыртасқызы Маликова қатысып, сөз сөйледі. Ол тәуелсіздіктің қазақ халқы үшін аса маңызды құндылық екенін және еліміздің жетістіктері осы тәуелсіздіктің арқасында екенін атап өтті.
Конференцияға филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Файзоллақызы Зейнулина, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амантай Жетпісұлы Құдабаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Бейбіт Шәнім, тарих ғылымдарының кандидаты Зият Шайманұлы Әйткенов және бүгінде әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген желтоқсаншылар қатысты. Ғалымдар баяндама жасап Желтоқсан көтерілісінің тарихи себептері, тәуелсіздіктің маңызы және оны сақтаудың жауапкершілігі туралы айтты. Қатысушылар еркін микрофон арқылы өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойды.
Қорытындылай келе, қатысушылар тәуелсіздікті сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Конференция Тәуелсіздік күнінің қазақ халқы үшін қасиетті мереке екенін тағы бір рет дәлелдеді.