«Ұлт асылы - Мұхтар Әуезов» облыстық конференциясы
27 қыркүйек күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақ әдебиеті классигінің 125 жылдығына арналған «Ұлт асылы - Мұхтар Әуезов» атты облыстық конференция өтті.
Конференция басында қатысушыларға ұлы жазушының ұлы Мұрат Әуезов «Әкем, Мұхтар Әуезов туралы тағы бір сөз...» атты құттықтау сөзін айтты.
Торайғыров Университетінің профессоры Р.М. Муталиева «Әуезовтің жазушылық шеберлігі» атты баяндама жасады. «Ұлы Мұхтардың ізі қалған» тақырыбына «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Қанықейұлының баяндамасы арналды. Мұхтар Әуезов шығармашылығының маңызын Торайғыров Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Б.Қ. Қапасова «М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы әңгімелері және қазіргі қоғам» атты баяндамасында сипаттады.
Семей қаласының Абай атындағы облыстық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қорының жәдігерлерін «М.Әуезов сирек басылымдарда» атты баяндамасында бөлім басшысы Ж.Ә. Манжибаева ұсынды. Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы М.С. Оразбек өз баяндамасын «М. Әуезов әңгімелеріндегі автор позициясы» тақырыбына арнады.
М.Әуезов атындағы мектептің педагогі Л.С. Омарованың баяндамасы «Влияние духовного наследия М.Ауэзова на формирование личности подрастающего поколения» деп аталды. Осы мектептің 11 сынып оқушысы Д.Ахтанова өз баяндамасын «Величие личности классика М.Ауэзова» тақырыбына арнады.
Оқырмандар назарына «Әлем таныған Әуезов» кітап көрмесі мен «Дәуірдің дара тұлғасы» бейнефильмі ұсынылды. Конференцияға ғалымдар, жергілікті зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.