Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай челлендж түсірді
Күні кеше С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Абай күні - кітапханада» акциясы аясында «Абай алаңы» ашылған болатын. Сонымен қатар Абай шығармаларынан жасақталған «Қазақстан. Абай. Руханият» атты кітап көрмесі де оқырманға есігін айқара ашты. Бүгін «Абай алаңында» ҚР «Қазақстан су жолдары» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызметкерлері келіп, Абай атамыздың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқап, бейнежазба түсірді. -Біз челленджді ешқандай ұйымнан қабылдамадық. Былтырғы жылы 9 жасар Ләйлім-Шырақ қарындасымыз бастап, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қостаған игі бастамадан қалыс қалмайық деген ниетпен ұжым болып челлендж түсірейік деген шешім қабылдадық. Қуанышымызға орай, «Облыстық кітапханада «Абай алаңы» ашылыпты» - дегенді естіп, ат басын осында бұрдық. Расында, бейнежазба түсіруге қолайлы орын екен. Әріптестеріміздің басым көпшілігі Ұлы ақынның жерлестері, яғни Семей өңірінен.
Сондықтан Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына өз үлесімізді қоспасақ бізге үлкен сын тағылары анық. Біз өз кезегімізде челленджімізді семейлік әріптестерімізге жолдаймыз. – дейді, аталмыш ұйым қызметкерлері. Айта кетейік, кітапханамыздағы «Абай алаңын» кез келген адам тамашалап, ақынның мол мұрасымен таныса алады.