«Ағартушы тұлға» өлкетану сабағы
19 сәуір күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Мұса Шормановтың 205 жылдығына арналған «Ағартушы тұлға» атты өлкетану сабағы болып өтті. Қаржас руынан шыққан Баянауыл өлкесінің аға сұлтаны, айтса айтқандай Мұса Шорманұлы ой-өрісі кең, жатпай - тұрмай елінің қамын ойлаған, орыс әкімдерімен тең дәрежеде именбей, қазақ халқының атынан сөйлесе білген қоғам қайраткері болды.
Мұса Шорманов қазақ өмірін, тұрмысын, салт-санасын өте жақсы білген. Этнография, тарих саласында көптеген мақалалар жазып қалдырған: «Павлодар уезінің қазақтары» туралы (1871 ж.), «Батыс қазақтарының мал шаруашылығы» (1883 ж.) және тағы да басқа еңбектері таныстырылды.
Өлкетану сабағына қатысқан Павлодар облыстық №3 дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия оқушыларына Мұса Шормановтың өмірі және еңбектеріне арналған «Орта жүздің шамшырағы» викториналық сұрақтары қойылды және «Ғұлама. Тұлға. Тағдыр. Тағылым» кітап көрмесімен таныстырылды.