Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы
Облыстық кітапхананың креативті шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен ақиық ақын, қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай 9 ақпан күні «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» атты рэп жанрындағы поэзия кеші өтті. Мұнда жиналған жастар поэзия тынысын кеңейтіп, қазақы формалар мен бояуларды сақтай отырып жаңа үн қосып, лирик ақын Мақатаевтың шығармаларын жаңаша оқып көрді. Кешті Торайгыров университетінің, ОӨ кафедрасы, «Актерлік шеберлік» мамандығының студенттері Төлепберген Сайлау мен Кенжебаева Заура «Аға, мен тірімін» поэмасынан бастаса, 5512 әскери бөлімінің сарбаздары, Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Нағашбай Нұрсұлтан, Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары - Ануарбек Нардина мен Кайшибаева Аделия, Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі студенттері ақынның өлеңдерін рэп жанрында оқып, ән айтты. Кеш соңында «ашық микрофон» форматында қатысушыларда Мұқағали Мақатаевтың өзіне ұнаған өлеңін оқуға мүмкіндік туды. Жыр кешіне белсенді қатысқан жастарға алғыс айтамыз!