Жазушымен кездесу өтті
Бүгін облыстық кітапханада жазушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет саласындағы халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мағазбеқызы Досжанмен онлайн форматта әдеби кездесу өтті.
Шара барысында Сәуле Мағазбекқызы «Қасірет пен тағдыр» кітабының жазылу тарихы жайлы кеңінен әңгімелеп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, жас әдебиетшілер жазушының шығармашылық жолымен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, өнер жолындағы жетістіктерімен, болашақтағы жоспарларынан xабардар болды.
Кездесу барысында «Қасірет пен тағдыр» романынан өзге «Өгей жүрек», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Үзілмеген үміт», «Ауылдан шыққан миллионер» және т.б. кітаптардың жазылу тарихына шолу жасалды.
Мәселен жазушы «Өгей жүрек» хикаясын жазу үшін жүрек трансплантациясына арналған отаға қатысқан екен. Отаны жасаған білікті дәрігерлер мен жүректі берген отбасыға, оны қабылдаған азаматқа арналған хикая өмірдің өлімді жеңгенін, дәрігер мамандығының өмір сыйлауға қабілеттілігін сипаттайтынын шығарма екендігі жөнінде сөз қозғады.
Кездесу барысында қаламгердің өзі де жиналған қауымға алғысын айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, шара «Халықаралық кітап және авторлық құқықты қорғау күн» қарсаңында «Оқитын Павлодар» фестивалі аясында Zoom платформасына және Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде ұйымдастырылған болатын.