Халықаралық конференцияға кімдер келді. Не айтты?
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында «Кітапхана - тарихи білім орталығы» халықаралық конференциясы өтуде. Екі күнге жоспарланған шараға еліміздің барлық өңірлері мен Ресей және Моңғолия Республикасының өкілдері қатысуда.
Елбасының «Ұлы Даланың Жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шараның пленарлық отырысына облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко қатысып, халықаралық шарада бас қосушылардың ой, пікірлеріне құлақ түрді. Сондай-ақ пленарлық отырысқа қатысқан ғалымдардың бірқатары баяндама жасады. Мәселен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов баяндама жасады. Ол Абылай ханның немере ағасы, ел басқару ісіне араласқан, баһадүр Сұлтанмамет сұлтан туралы тарихи деректерге тоқталып өтті. Сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры Бақытжамал Оспанова, Баян Өлгий аймақтық мамандық бақылау басқармасының мәдениет, өнер саласының мемлекеттік инспекторы Айжан Алданышқызы да өздері атқарған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ Ресейден келген қонағымыз А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, өлкетану ақпарат орталығының жетекшісі Сорокин Алексей Петрович «Омбы өлкетанушыларының өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында сөз қозғады. Пленарлық отырысқа қатысушылар украин азаматы, әлеуметтік коммуникациялар бойынша ғылым докторы, профессор, Сербин Олег Олеговичтің Киев қаласынан жолдаған бейнеқұттықтауын тыңдады. Сонымен қатар Хакассия Республикасының Черногор қаласындағы орталық кітапханасының директоры Табачных Людмила Павловнаның ғаламтор арқылы жолдаған құттықтауын тамашалады.
Түстен кейін Халықаралық конференцияның секциялық отырыстары өтті. Оған өзге мемлекеттерден келген құрметті қонақтармен қоса еліміздің ғалымдары және кітапханашылары тәжірибе алмасты.